20 Mart 2024 Çarşamba

Құлтөлеу Мұқаш - Аусар (әңгіме)

 

Электровоз айдайтын әріптестерім Жетес пен Ерден шахтаға түсе сала бір-бірін қажай бастаушы еді: 
– Әй, Ердеш бала, әкең үлкенді сыйлауды үйретпеген бе, машинаңды менен кейін қойсаң да болады ғой! Ағаны құрметтеуге қашан дағдыланасың?
– Өндіріс жас бұлдап, сақал саудалайтын жер емес, мәртебелі Жетес мырза! Бұл не гәп...
– Кәне, кет-т, күшік-к... Әкет-т-т дереу электровозыңды-ы-ы! 
– Ақырын да, Жеке! Саңырау емеспіз ғой. К...іңнен жараланғандай сонша қышқырғаның не?! 
Отыз бестердегі Жетестің көзі ақиып лезде шатынайтыны рас. Бажылдап, түкірігі шашырап, кейде тіпті, адамға қолына түскен темірді ала жүгіреді. 
Бір жақсысы, Ерден тілі қыршаңқы болғанмен, өзінен бір мүшелдей үлкен серігімен жаға жыртыспайды. Ыржыңдап, оқпанды айналып шегіншектей береді. 
Екеуінің «концерті» бізге рахат. Бас шайқап, езу жия алмай тұрамыз. 
(Әскер қатарына шақырылғанша... одан оралған соң да, шамасы, екі жылға жуық шахтада жұмыс істедім. Анда-санда сол кездегі осындай жәйттер еске түсіп, күліп отырамын).
Ерден – жұқалтаң ғана орта бойлы жігіт. Қағылез. Алғыр. Шаруаға епті. Жетес те сида бітімді, қатпалау адам. Бірақ іске орашолақ. Епсіз. Сораңдап, сүріншектейді де жүреді. Сол икемсіздігі, арагідік, Ерденнің ғана емес, біздің де жүйкемізге тимей қоймайды. Мұнысына қарамай аяқ басқан сайын үлкендігін алға тарта берсе кім қитықпасын. Жолдасыңның осындай орынсыз нәрсемен қалыпты еңбек ырғағын бұзуы қиын жағдай ғой. 
Және бұл төрт-бес адамнан құралған әрбір бригаданың қырға кен шығарудан алты жүз сексен тоғыз тонна көлеміндегі тәуліктік жоспары үнемі асыра орындала бастаған кезең-тін. Лаваларға тұрған орнында шыр айналып, жан-жағын екі-үш метр биіктікке дейін еркін қамтып, жыныс қатпары аса тығыз тұстардың өзін көлденеңінен де, қиғашынан да үңги беретін «УПБ-1Б» бұрғылау қондырғылары келген. 
Еңбек өнімділігінің еселеп артуы электровоз машинистеріне де бірталай салмақ түсірмекші. Забойдағы мол кенді тасып үлгеру үшін әрбір ауысым күні-түні зыр қағады. Әрқайсымыз додаға түскен жүйріктей бір-біріміздің ыңғайымызды бағып лыпылдап жүреміз. Иә, бұл да өзін­дік әуез-нақышы бар ерекше ансамбль...
Мұндайда, шынымен, сен кішісің, мен үлкенмін деп былқылдауға орын қала ма. Жұмысқа бастысы – дәлдік, әбжілдік керек. Әрбір минут – есепте. 
Әрі біз шығаратын молибден мен вольфрамның тоннасы тоғыз-он мың сом-нан бағалануы талай жәйтті аңғартар... Сол кездегі өлшеммен қыруар қаржы... 
Ақша өз алдына-ау; көбіне біз сияқтыларды, бәлкім, шахтаның айрықша романтикасының еліктіруі ғажап емес. Әлемде сирек ұшырасатын минерал түрін шығаратынымызды да мақтан тұтамыз. 
Шыңыраудағы өмірдің әсері тосын. Кен иісі кеулеген алакөлеңке үңгірде жүйткіп келе жатқаныңда электровоз шамының жарығымен жарқыл қағатын рельс жолақтары ара-тұра ұмсынған арудың ақ білегіне ұқсап кетеді. Ондайда албырт жүрегің тарсылдаған дөңгелектер әуеніне қосыла дүрсілдемей ме. Керіле созылып тұңғиық түкпірге барып сіңетін сол қос желі кейде домбыра шегін елестетіп, кеудеңді күмбірлеп күй кернегендей, көңіл елегзиді. 
Кеншілер, әсілі, жайдары, жайсаң халық. Өзара тату, ұйымшыл қауым. Жұмыс арасында басы қосылған сәтте штрек шахтердің шат күлкісіне көміледі. 
Әлбетте, ойын-қалжыңның да орны бөлек, әрқайсымыздың жан-жүрегімізді тербеген мұң-шеріміз бар. Мені, мәселен, тірліктің басқа да қым-қуыт шаруасынан бұрын Алматыдағы оқуымның жайы алаңдатады. Реттейтін қағазымды, кітаптарымды уайымдаймын. Екі айдан кейін жүруім керек... 
Ерденнің күйініші салмақтырақ еді. Қосылғандарына үш-төрт жыл өтсе де келіншегі бала көтере алмай жүрген көрінеді. Осыған қатты күйзелетінін кейінірек аңдадым. Бірде жүзінен сорғала­ған көз жасын саусақ ұшымен іліп тастағанын байқап қалғаным бар. Оңашада үнсіз егіліп отыр екен.
Бірақ сыр бергісі жоқ. Ал осы жағ­дайынан хабарсыз ағайын мұны қалжың­бастығына, қуақылығына қарап, санасына ештеңе кіріп-шықпайтын жындыкешке балайтын сияқты. 
Жұмысына мығым ақкөңіл жігіт кей-кейде наряд бөлмесінде істі ұйымдастыру ыңғайында қисынсыз шешімге жол беріп қалатын басшылармен де дауласып жата­тын-ды. Сондай мінезін де бәз бір туысқан алаңғасарлыққа, аусарлыққа теліп, ілу-шалуда:
– Ей, дәндүріс! – деп дауыстайды. 
Мұндайға бола өзінің ренжігенін көрмеппін. 
Жетестің де оны әңгүдік санап, місе тұтпайтыны кейбіреудің әлгіндей қыңыр қатынасынан туындауы ықтимал. 
Жақын жүріп, естілігін, тапқырлығын білетіндіктен, «әулекі» Ерден кейбір қисық­тыққа әдейі бара ма деп күдіктенуші ем. 
Бірде, тіпті, күтпеген жерден қызық жол тауып қайран қалдырғанын ұмытпаппын... 
Қысы-жазы дамыл таппайтын шахтада да сенбіліктер өтіп тұрады. Мұндайда бүкіл ұжым демалыста жүргеніне қарамастан қаптап төменге түсіп, төрт сағат ішінде оқпан ауласы мен штрек алаңқайларына ұсақ тас төсеп, оны әдемілеп тегістеп, ат шаптырым аумақты қоқыстан тазартып, сыпырып, су сеуіп шығады. Теміржол табаны мен алып үңгіме іргесін бойлап ақырын ағып жататын тереңдігі шынтаққа жетеғабыл жылғаны қыл-қыбыр, қоқыр-соқырдан арылтады. Түрлі механикалық құрал-жабдықтың шаң-тозаңын сорады... 
Мұның ішінде ең қиын жұмыс – бір жарым шақырымдайға созылған троллейді майлау еді. Елдің бәрі бұл шаруадан безе қашады. Ерденнің бұған да қарамай, еңбек бөлісі кезінде жетекшілерге мені нұсқап:
– Мына Төлен екеуіміз троллей майлайық! – дегені ғой. 
Шынында, есі түзу ме деп кіржиіп, түсім бұзылып кетсе керек, досым «үндеме» дегендей бүйірімнен нұқып қалды. 
Не көздегенін түсіне қоймаймын. Бүгіліп-созылып, түртінектеп, таяқтың ұшымен биіктегі сымға май жағып, қолдан қол, белден бел қалмай ұзақ тырбаңдауға тиіссің. Оның өзінде қуаты үш жүз сексен вольттық ток өткізіп тұрған ұзын-сонар желінің жан-жағын толық майлап үлгеру мүмкін емес; сонда да еппен қимылдап, кешке дейін салпақтауға тура келеді. 
Тау-кен мастері өз еркімен «отқа» түсетін ақымақтың оңай табылғанына қуанып кетті: 
– О-о! Міне, нағыз жанашыр азамат! Жарайсыңдар, жігіттер...
Сөйтсем, Ерекең істің ең ұтқыр әдісін қарастырыпты. 
Өзі бір шелек солидолды даярлап алып, менің машинамның үстіне жайғасады. Мен электровозды ақырын ғана жылжытып отырамын; рәзеңке қолғап киіп, оның сыртынан кенеп жұмыс биялайын және қабаттаған Ерден мол майды көсіп алады да, желіге уыстап жаға береді. Арқан ширатқандай, алақанмен бұраңқырап есіп отырса, жұмыр сымның да «құрышы» қанып, ұңғыл-шұңғылы түгел майланады. 
Бұл сонау көп «данышпанның» түсіне де кірмейтін айла шығар. 
Осылайша жұрттың аузын аңқитып, мойынға алған шаруаны отыз-қырық минуттің ішінде тындырдық та, қайқайып қырға көтеріліп кеттік... 
 Айтпақшы, шахтада жұмыстан себепсіз қалу төтенше жағдайға пара-пар нәрсе екені түсінікті болар. 
Әркімнің өз орны белгіленген. Бір адамның кемдігінен кешенді технология тәртібіндегі күрделі қаракеттің бүкіл үдерісі ақсайды. 
Айлық жалақымыз бес жүз сомдай еді; ауысымға шықпай қалған кісі соның жүз сомынан бірден қағылады. Әмбе әкімшіліктен сөгіс естисің, бұған қоса сонау «қарыз» уақытты қайта еңбектеніп өтеуге міндеттісің. 
Әйткенмен, бірде Ерден келмеді. Түнгі ауысымда жүрген кезіміз-тін.
Сол күні таңертең шахтадан шыққан бойда көптен жо­лық­паған жолдастармен ұшыра­сып қалып, қалашықтың орталық дәмхана­сынан аздап сыра таттық. Едәуір қауқыл­дасқан соң мен аяңдап қайтуға ыңғай­ландым да, Ерден: «Үй жақын ғой, азырақ бөгеле тұрайын» деп сонда қалған-ды. 
Одан өзін ертеңіне жағдайды білу ниетімен шаңырағына соққанымда бір-ақ көрдім. Шахтаға таяу маңда тұратын-ды. Қақпа есігін ашып, биік тал саясындағы аласалау үйге кірсем, досым ауызғы бөлмеде ұнжырғасы түсіп, үрпиіп отыр. Жалғыз. Түрі өрт сөндіргендей әңкі-тәңкі. Әлдекім қоң етін сылып алғандай бір түнде кілмиіп жүдеп қапты. Шегір-сымалдау қой көзі ажырайып: 
– Келетініңді біліп едім, – деді. 
– Иә, не болды? Аманшылық па, әйтеу...
– Ой, бүйткен амандығы бар босын. Қара басты мені... Нағиза кетіп қалды...
Күмілжіп, кібіртіктеп барып мән-жайын баяндауға кіріскен. 
Қысқасы, бұл әлгі топ жігітпен гуілдеп түс ауғанша отырады. Сыра арақ-шарапқа жалғасқан секілді. Әбден масайған. Зайыбы Нағиза жұмыстан оралмаған күйеуін талай жерді шарлап, әзер дегенде дәмханадан таппай ма. 
Ерден сол сәт кеудесінде ұзақ қайнаған «Везувий вулканы» атылды ма, әйтеуір, Құдай ұрайын десе демде ғой, не сайтан азғырғанын өзі де аңдамай, селтиіп, жәутеңдеп жеткен әйеліне: 
– Мұнда неге келесің-ң?! Кім шақырды сені-і-і! – деп ақырады. 
– Жүр, жарайды. Тынықсайшы азырақ... 
– Бар, кет! Құрт-т көзіңді-і-і! 
Сөйтеді де, қолынан тартып демеуге ұмтылған келіншегін шапалақпен шатыр еткізіп осып жібереді. 
Досыма аңыра қараймын: 
– Өй-и, сен де... Не түлен түртті...
– Енді... Адам алжасайын десе... Анау жігіттердің алдында намыстанған түрім бе екен, қайдан білейін...
– Содан не болды? 
– Содан не болушы еді, Нағиза кеткен. Отырысты дуылдап тағы жалғастырып, кешке таман қисалаңдап үйге келсем – жоқ. Білуші ме едің, ол Ақтоғайдың қызы ғой. Ақшатауда көршілерден өзге көп ешкіммен араласа қоймайды. Тек осында Гүлайна деген құрбысы бар. Танитын шығарсың... Кластасым Әйтөктің әйелі. Сол үйге екі мәрте айналып соқтым. Жөнін айтпайды, Нағиза келген жоқ деп қарғанады. Жасырып отыр.
– Мүмкін, расында, бармаған шығар. 
– Жо-о-қ... Сонда! Басқа ешқайда емес... Жұмысқа алаңдайтындай да жағдайым болмады. Іш алай-дүлей, бас атала боп, албардағы диванға қисая салған екем, оянсам, сағат – түнгі бір... 
– Енді не ойың бар? 
– Нағизаны табу керек... Бұрын қол жұмсамақ түгілі қатты сөз айтып көр­меппін. Сұмдық қорланған екен. Масқара жасаппын. Жалынып, аяғына жығылмасам болмайды. Төке, сен бүйтші... Ақырындап Гүлайнаға бар да: «Таңертең асылғалы жатқан Ерденнің үстінен түсіп қалдық. Әрең құтқардық, халі нашар» деші... Сонда өздері-ақ жетіп келуге тиісті. 
– Ха-а... Кім сене қалады бұған? 
– Өй-и, дұрыстап жеткізсең неге сенбесін! 
Нағизаның сыпайылығын, ұстам­ды­лығын байқайтынмын. Дене тұрпаты Ерденге қарағанда ірірек, келбетті жан. Алғаш көргеннен маңдайы жарқыраған жас келіншекке күлгін масаты камзолы мен ақ орамалы жараса қалғанын аңдап тамсанып ем. Әдетте бұлай кексе әйелдер киінбей ме. Осыдан-ақ жөндемдігі, көргендігі білінгендей еді. Аққұба жүзінің жартысын алып тұрған мойылдай тұңғиық жанарына қарап, мұншалықты нұрлы, сиқырлы көз кинода ғана кездесетін шығар деп ойлағаным да есімде... 
Өзімен жолығып қалсақ беттен ала қоймас, жайлап тілдесермін деген үмітпен ілбіп құрбысының үйіне де жеттім-ау. 
Алдымнан шашы желбіреген екі-үш жасар қызын жетектеп Гүлайна шыға қалды. Сырттай біледі екем. Амандасқан соң сонау өтірікті қиқалақтатып зорға айттым. Көзі бақырайған бикеш:
– Ойбай, масқара-ай! – деп бетін шымшып, зәресі кетті. – Дәрігер шақырттыңыздар ма? Қасында кім бар?! Байқаңыздар, тырайып жатпасын аяқ астынан...
 Мұнда Нағизаның жоқ екеніне көз жеткізіп, кері қайтамын. 
Дегбірі қашып, тықырши күткен досым мені көргенде жалтақтап, орнынан ұшып тұрды. Мойнын ақ дәкемен орап алыпты. Асылған адамның алқымында арқанның ізі қалып қояды дегенді біреулерден естісе керек. Сол «белгіні» жасырған сиқы. 
– Қап! – деді менің хабарымды естіген соң. – Ауылына бір-ақ тартқан екен-ау! Өзім де шүбәланып едім... 
Енді екеуміз ойласа келе Ақтоғайға аттануды ұйғардық. 
– Бірге барып қайтайық, мынандай жағдайда қылқиып жалғыз жүргенім онша жараспас, – деген. 
– Иә, сөйткеніміз жөн секілді. Тек мен шешеме айтып, ескертіп шығайын...
Діттейтініміз – Ақтоғайдың дәл өзі емес, сол ауданындағы Сәуле деген жер көрінеді. Ерден картаға жүгінген барлау-шыдай ауыл орналасқан тұсты қағазға сызып көрсетті. 
Ақшатау поселкесінің қиыр-шығысында жатқан қонысқа төтесінен тартса, аралық – жетпіс-ақ шақырым. Алайда сайраған жол жоқ. Онда тек біздің Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы арқылы ғана қиналмай бара аламыз. Құбылаға қарай тура жүз километр жоғары көтерілеміз де, Қарағандыдан келе жатқан тағы бір автобусқа ауысып мініп, Сәуле бағытымен қиғаштай құлаймыз. Бұл қашықтық та жүз шақырым. Ең ыңғайлысы осы – екі жағы да асфальт. Ақтоғайға сәл жетпей түсеміз... 
Маған ахуалды түсіндіріп, ақ параққа шұқшиған Ерденнің сызба-нұсқасындағы тік үшбұрышқа қарап күлдім. Геометрия сабағында «A, B, C нүктелері... гипотенуза, катет... екі сүйір бұрыштың қосындысы» деп есеп шығарып тұратын сәт ойға оралады. Біздің мына сапарымыз да шешуі күрделілеу бір міндет еді. Сәтті формуласы табыла ма, табылмай ма... 
Бір тәуірі, екі күндік демалысымыз бас­талған. Сәскеге таяу жасы-жасамысы, ері-әйелі бар... жолаушыға лық толы сары «ПАЗ-672» автобусына жайғасып жөнеп бердік. 
Көлік автостансадан шығып, кеншілер қалашығының желкесіндегі қалың қо­рымнан өткен соң жылдамдықты үдетті. Жатаған таулар қойнауындағы жыңғылы, сексеуілі аралас шоқ тоғайлар мен со­райған телеграф бағаналарын жағалап жүйткіп келеміз. Терезе саңлауынан ұйытқыған самал жең-жағаны желпіп, тыныс ашады. Әрқайсымыз өз ойымызбен өзіміз, тұнжырап, тылсым сырын тереңге бүккен қиян далаға көз тігеміз. 
Заулатқан көлік жолдың орта ме­жесінен асып, ұйысқан қалың шілік түбіндегі бұлаққа жете кілт бұрылды. Шаңды бұрқыратып, шиқылдап, етекке тоқтаған бойда қырық бестердегі еңкіш денелі жүргізуші салонға өтіп, билет тексеруге кіріседі. 
Бірақ Ерден шырғалаңсыз жүруші ме еді; шопыр төбеден төніп дәл тұсымызға келгенде: 
– Ойбай, аға! – деп шыр ете түсті. 
Алақтаған түріне қарағанда, жол құжатын жоғалтып алған сыңайлы. 
Оқыс дауыс көпшілікті жалт қара­тады. Мұндайда елдің әлдебір шатаққа құмар­тып, елеңдей қалатыны қандай. Шашы ду­дырап, көзі ежірейген жүргізуші де зірк етті:
– Не болды-ей? Кәне, билет көр­сетіңдер! 
Шығарда кассадан алған билетіміз Ерденде еді. 
– Байқамай шайнап қойыппын, ағасы! – деді ол аузынан мылжаланған бір түйір қағазды шығарып. 
– Өй, есуас! Басың жұмыс істей ме?! 
– Аңдамай қаппын, ағатай... 
– Қайдан түсесіңдер өздерің? 
– Ақсу-Аюлыдан. 
– Ендеше бес сомдарыңды төлеңдер тез! Білмеймін ештеңені... 
Мен де аңырып, амал жоқ, төлесек төлейік деп ыңғайлана бердім. 
Шопыр мыналар алдап құтылып кеткісі келді деп ойлады ма, алақанын жайып тықақтап барады: 
– Бол, бол!
– О-о, таптым, аға, бар екен! Бар! – деді Ерден бір кезде құнжыңдап. – Шайнап қойдым ба десем...
Сіріңке қорабының көлеміндей екі билетті ышқыр қалтасынан шығарып ұсынған сәтте жұрт дуылдай күледі. 
Бүкшиген жүргізуші қабағы түнеріп әрі жылжыды. Аузы салпиып, олжа ақшадан айырылып қалғанына күйінген секілді. 
Маған қулана көз қысқан досымның көңіл күйі қуантты. Иығымнан зіл-батпан жүк түскендей заматта жеңілейіп, ісіміз оңғарылса екен деп тіледім...
Шынында, бұл жаңағыдай «жын­дылықты» қасақана істейді-ау. Жақтырмай қалған кісісінің сезімін шымшылап ойнап, «эксперимент» жасап сынап, ит-сілікпесін шығармаса жүре алмайды... 
Жерге түсіп, мөлдір тұманың шәрбат суын қос уыстап ішіп мейір қандырып алған соң әрі қарай зырладық. 
Әлден уақытта Ақсу-Аюлы бекетіне жетіп келгенде досыма: 
– Саған сенім жоқ екен, ара-арасында қағаз жеп қоятын әдетің бар сияқты. Әлгінде зәре-құтым қалмады! – деп Сәулеге дейінгі билетті өзім алдым. 
Ыржалаңдап күлген бойда Ақто­ғайдың автобусына ырғып мінсек, іші – у-ду. Жүргіншілердің дені жастар екені байқалды. Артқы жақта ұзын шашы жотасын жапқан бір жігіт гитарасын күңгірлетіп әнді төпеп келді. Қайырмасы:
«Ай-й, ене, ене, қайын ене-е» – деп келетін қызық ән.
«Бұралқы сөз күлуге жақсы» дегендей, жүзіндегі ризалық табына қарап, осы мәнсіздеу әуеннің жолаушылардың құлағына жағатыны да аңдалды. Үлкен­дердің, әлбетте, аңсыз жастықтың шол­жыңдық-еркелігіне кешіріммен қарайтыны да анық... 
Жайласқан соң тынши қалған Ерденге қарасам, бір сәт мұңға батқандай бұйығып, жабығып отыр. Серпілуге қаншалықты тырысқанмен, көкейдегі аласапыран күйден арылу да оңай емес-ау. Одан:
– Жонымыздан таспа тіліп жүре ме... Қызуқандылау кісі еді, – деді күңк етіп. 
Көздеген жерге тақала түскенде қайын атасынан қаймыға бастағанын білдім. 
– Қатал адам ба еді? 
– Жо-о... Аса зілді кісі емес; әйткенмен, ашуланады ғой. Әй, айтпақшы, сен жынды, ондайда жағаласа кетіп жүрме-ей!.. 
Осы ретте өзінің менен бірер жас ересектігін аңдатқандай оқты көзбен атып, сұқ саусағын безеп қойды. Кейдегі шалттау мінезімді білуші еді. 
– Е, бара көреміз! – дедім досымды одан сайын үрейлендіріп. 
– Кет әрі! 
– Хе-хе... 
– Не істесе де көнейік. Басқа амал бар ма. Әйтеуір, өлтіре қоймас. Біреудің тып-тыныш жүрген қызын сабап... Өзіме де обал жоқ!.. 
Сәуле манар таулар мен баябан даланың түйіскен тұсындай көрінді. Ой жағы – желкілдеген ақ селеу, боз жусан да, қыры қалың теріскен мен бітік ырғай ма деп топшыладым. Орта межеде ирелеңдеп Тоқырауын өзені ағып жатыр. Баурайында қарағайы мен қайыңы сыңсыған атақты Ақсораң, Қызыларай құз-жартастары ішкеріректе болуы керек. 
Екінді мезгілі-тін. Көкжиегі жалқын арайға малынған жасыл-желек ауылдың шаңдақ жолдарында бір-екі жеңіл көлік ойқастап жүр. Беріде велосипед тепкен үш-төрт балғын қыз көрінді. Соңдарынан ілескен ит қылаңытатындай. Бөктерден топырлап сиыр табыны құлап келеді. Батар күннің шапағына шомылып іргедегі тақия төбелерге қарай аршындай салған әлдебір аттылының сұлбасы ерекше назар тартты. Жануардың тайпалған жорғалығы сонша – алаулаған нұр құшағына сіңіп, сырғанап, жүзіп бара жатқандай еді. Шіркін, мынандай тұлпарың болса арманың не! Қазақтың қанаты ғой ат дегенің... 
Біз де қаншалықты жүйткігенмен, кен тиелген состав салмағын тұла бойыңмен сезініп, электровозды әрдайым баппен, бірқалыпты, ызғытып жүргізуге тырысамыз. Табанында амортизатор міндетін атқаратын серіппелері бар машинаны мейлінше гүрсілдетпей, тоңқылдатпай басқарған жөн. «К-14» темір де болса иесінің «тақым» ыңғайына бағынуға тиісті. Жыл­дамдықты баяулатқан сәтте де кілт тоқтамай, сырғытып қана, соншама еппен тежелесің. Ал мұндай заңдылықты ескере бермейтін арсың-гүрсіңдеу Жетес апатты жағдайды жиі туғызатын. Бұрылыстарда абайламасаң, вагонетка дөңгелегінің рельс­тен ыршып кетуі бір басқа, кейде он төрт тонналық электровоздың өзі де қатты екпінмен шоңқайып түседі. Ал оны орнына қоюға кемінде екі-үш сағат кетпекші. Забой мен оқпан ортасындағы жалғыз жол бітелген соң учаске жетекшісіне дейін бүкіл бас маман дереу штрекке жетіп, апалаң-топалаң әбігер басталады. Ауысымның сұмдық шығыны... Реніш... Акт жасау...
Міне, Ерденнің де Жетес ағайына қыңыраюы көбіне осындай себептен-ді. Анау қызыл жалды жорғаға қарап тұрып көз алдымнан сол шахта көріністері зу етті. Ерденнің не ойлағанын қайдам, тәрізі, ол әлі де есі шығып, ата-енесінен жүрексінумен жүр. 
Аяқты санап басып, қорқасоқтап жетсек, досымның қайын атасы шарбақ сыртында тұр екен. Күйеу баласын бірден танып, ақсия күліп қарсы алды. Елулерден асқан, байыпты, байырқалы жан тәрізді. Жүзінен ешбір ашу ізі байқалмайды. Ерден қипақтаңқырап амандасқан соң мені: 
– Шахтада бірге жұмыс істейміз. Жолдасым, – деп таныстырды. 
– Ә-ә... Құда бала екен ғой! Жоғары шық, айналайын. Төрлетіңдер!..
Отағасының реңі отқа қақтаған бауырдай қоңыркүрең екенін аңдаймын. Қазақ мұндайды да қараторы дей берер. Әйтеуір, осынша тотыққан адамнан да ақ қыз туа ма деп таңырқадым. Әйткенмен, кескіні шебер қашалған мүсіндей тартымды еді. Қыр мұрны мен кісіге кірпік астынан сүзіле қарайтын үлкен ала көзінде өзгеше нәзіктік бар. Тікірейген бурыл шашы жігерлілігін, қайраттылығын сездіргендей. 
Ә дегенше зайыбы да шыға келген. Аппақ борықтай, толықша әйел екен: 
– Жоғарлатыңдар, балалар! Жоғар­латыңдар! – деп жаны қалмай кәукелектеп жатыр. Осы кезде қызының түр-сипаты шешесінен гөрі әкесіне тартқанын түйсінемін. 
Аулаға енгенімізде Нағизаның өзі де бір жалт етті. Тетелес студент інісі бар деуші еді, ол көрінбейді. Қалада болар. 
Үйге кіріп, аласа үстел шетіне тізе бүгіп, табадан жаңа шыққан ыстық нанға май жағып жеп, екі тостағаннан қымыз іштік. Дәмі балдай... 
Соңыра білдім, Нағиза әке-шешесіне өзінің тосын «сапары» сырын ашып айтпапты. «Жаз айы ғой. Екі-үш күн демалып қайтуды ұйғардым. Ерден ертең келеді» – дегендей. 
Қалт еткенде мұны құлағыма досым сыбырлаған. 
– Бәсе!..
Арқам кеңіп, Нағизаның ақылына сүйсініп, рахаттанып қалдым.
Есік алдына шықсақ, екі жеткіншек бір семіз тоқтыны желкесінен ұстап алдымызға көлденең тартып тұр. Көмектесіп жүрген көрші балалар секілді. Ағай маған: 
– Кәне, бата қайырып жібере ғой! – деген. 
Сасқалақтаңқырап, алақан жайып: «Ағайын-туыстың бірлігі тарқамасын. Мал-жанымыз көбейе берсін» деген мағынада бірдеңе айттым білем. 
Үйеме табақ етке мұрт майлап, әңгіме-кеппен түннің бір шағына бардық-ау. 
Нағиза Ерден екеуміздің орнымызды төргі үйден сайлапты. Қатар жайғасқан қос шахтер қараңғы бөлмеде үнсіз бақырайып недәуір жаттық. Серігім кенет тыпырлап қозғалды да, бүкшеңдеп еңбектеген күйі ортадағы есікті ақырын ашып, сенекке өтті. Іштей: «Е, сөйтсеңші! Келіншегіңнің қасына бағана жөнелетін адамсың ғой!» – деп қоямын. 
Алайда ол сүт пісірім шамада төрт аяқтап шыққан мәнерімен тоңқаңдап қайта оралған. 
– Өй, не болды?! 
– Жанына жатқызбай қойды. Бірақ біраз сөйлестім. Бетінен де сүйіп үлгердім... 
– Содан қайттің? 
– Содан... Сөйтсем... Аяғы ауыр екен!.. 
Осы кезде шоқиып тым-тырыс ұзақ отырды. Мүмкін шаттықтан жылаған да шығар; тек тастай қараңғыда не көрінеді. Одан дауысы құмығып сөзін жалғайды: 
– Аузыма басқа дым түспей, «Жарайды, жақсы болды! Жақсы болды! Мұнда жарты жыл жүрсең де жүре бер!» деппін... 
Мен де толқып, кеудемде ыстық толқын лықсығанмен, әзілге бұрып: 
– Қуаныштымын, Ереке! Тек сен енді қатты масайрап, тағы да асылып қалып жүрмеші! – дедім. 
– Кетші-ей, әкең! Сен де бір нәрсені көріп алсаң ұмытпайды екенсің! – деп күлді. – Енді өйтпеймін! Е-е, одан соң, құрысын, Жетеспен де алысуды доғарамын. Оның қалған қанын мен ішпей-ақ қояйыншы... 
Жетестің қайғысы – көкдолы әйелі болуы керек. Күйеуі айлығын дұрыс апармай ма, әлде басқа негізбен бе, ылғи шаңқылдап, ұрсып жататынын байқап жүреміз. Онсыз да ызақор кісіні солай-ақ тоздырып бітетіндей. Кейде жаның ашиды...
Таңертең Ерденім өзгеріп кетіпті. Өзі бәденді жігіт, көзі шырадай жанып, жүзі албырап, құлпырып алыпты. 
Автобусқа мінерде сонау геометрия­лық есеп еске түсті. «Екі сүйір бұрыш­тың» қосындысы – әрі-бері төрт жүз шақырымдық жол екен. «Досымды бақытты еткен әлгіндей жаңалық үшін төрт жүз емес, төрт мың километр жүріп қайтуға да ешбір қиналмас едім. Рахмет саған, Сәуле! Мың жаса, Сәуленің сұлуы! Сенің күйеуің әлдекім айтатындай, ешбір аусар да, әумесер де емес, нағыз жігіттің төресі ғой!» – деп ойладым.

Hiç yorum yok:

Yorum Gönder